Кәсіби маман даярлау – уақыт талабы
Кәсіби маман даярлау – уақыт талабы
Директордың оқу-әдістемелік
жұмысы жөніндегі орынбасары
Дүйсеқожа А. К.
Жаһанда қоғамдық қарым-қатынастардың үдемелі өзгеріп жаңа келбет алуына байланысты жастарға білім беру мен оларды тәрбиелеуге кепіл болатын – оқытудың жаңа технологиялары енгізіліп кеңінен қолданылуда. Колледжде әлемдік білім беру кеңістігіне ену мақсатында, Қазақстанның білім беру оқу орындарындағыдай модульдік оқыту жүзеге асырылуда. Модульдік оқыту технологиясында білім алушы білімді жеке-жеке тараулар бойынша емес, біртұтас тақырып түрінде жүйеленген білім алып, өзін-өзі дамытуға, бірін-бірі оқытуға, кітаппен жұмыс жасауға, қосымша әдебиетпен жұмыс істеуге дағдыландырады.
Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің 1996 жылғы 24 қазандағы №323 бұйрығының негізінде Республикалық оқу-әдістемелік бірлестік ұйымдастырылып, қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығы, ветеринария және экология» бейіні бойынша жұмыс істеуде.
Колледждеоқу-тәрбие үдерісін жаңғырту, ғылыми – әдістемелік жұмыстарды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әдістемелік қызмет оқытушылардың шеберлігін дамытатын педагогикалық ұжымның шығармашылық ордасы болып табылады. Колледж базасында оқытушылардың рухани-психологиялық, денсаулық жағдайлары мен мамандықты көтеру үшін өздігінен жұмыс істеуіне жағдай жасалған.
Оқытушылар маман даярлауда оқыту әдістерінің барлық жақтарын саралай отырып, негіздері мен жүйелілігін сақтай отырып дидактика, тәрбие, психология, физиология, педагогикалық әдеп және жалпы мәдениетті дамыту мәселелері бойынша мақалалар жазып, педагогикалық оқуларға, ғылыми-зерттеу конференцияларына қатысып, үнемі ізденіс пен кәсіби білімдерін шыңдау жолдарында жұмыс жасайды.
Колледждің педагогикалық ұжымдағы жұмысы мен шеберлігі маңызды рөл атқарады. Педагог қызметкерлерінің кәсіптік деңгейін арттыру және педагогикалық жұмыс барысында қажетті практикалық дағдыларды қалыптастыруда, заманауи тәсілдерді және озық педагогикалық технологияларды білім беру мақсатында жылына жүзден астам оқытушы «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, «Өрлеу» Біліктілігін арттыру Ұлттық орталығы, «Тұмар» Инновациялық білім беру орталығы, Атамекен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып өткізетін курстарға қатысып, біліктіліктері мен білімдерін арттырады.
Оқу - тәрбие жұмысын басқару, оқытушыларды әдістемелік жоғары мәдени рухта бағдарлау, өз еңбегінің сапасы мен нәтижесіне талап қоя білу, оқыту тәжірибесінде ұтымды, тиімді әдістерді шығармашылықпен игеру, білім алушылардың ғылыми-танымдық, ойлау қызметін жандандырып, терең, берік білімді болуына ықпал жасау, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру – әдістемелік жұмыстың басты мақсаттары болып табылады.
Әрбір оқытушы білімі мен санатына қарамастан күнделікті жұмыс барысында өзінің білімін әдістемелік жаңартулармен толықтырып, үздіксіз ізденіспен жұмыс жасаса заман талабына сай майталман маман даярлайды.